Жаңалықтар

«Заманауи неврология: диагностика, емдеу және оңалту» атты VII халықаралық ғылыми-практикалық конференция
«Заманауи неврология: диагностика, емдеу және оңалту» атты VII халықаралық ғылыми-практикалық конференция
16 September 2026

2026 жылғы 10–11 қыркүйекте «Заманауи неврология: диагностика, емдеу және оңалту» атты VII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ мен «НЕИРОН» кәсіби қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен және Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткен бұл шара неврология, инсульт медицинасы, сондай-ақ физикалық медицина және оңалту саласындағы мамандарды, ғалымдарды, тәжірибелі дәрігерлер мен жас зерттеушілерді бас қостырды.

Конференцияның ашылуында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Б.М. Мухаметбек, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия департаментінің директоры Иманғали Ғ.Ә., Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі басшысының орынбасары Л.Т. Оспанова, «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ академиялық және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Ж.А. Дәулеткалиева құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияның ғылыми бағдарламасы инсульттік көмекті ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне, инсульттен кейінгі емдеу мен оңалтудың заманауи тәсілдеріне, роботтандырылған технологияларға, оңалту медицинасындағы жасанды интеллектке, дербестендірілген медицина мен генетикалық диагностикаға, инсульттен кейінгі деменцияға және заманауи неврологияның басқа да бағыттарына арналды.




Конференцияның маңызды ерекшеліктерінің бірі Австралия, Италия, Германия, Қытай, Канада және АҚШ-тан келген шетелдік сарапшылардың қатысуы болды. Халықаралық сарапшылар қатарында Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің неврология және эпидемиология профессоры, The George Institute for Global Health ұйымының Global Brain Health бағдарламасының директоры және Дүниежүзілік инсульт ұйымының сайланған президенті Craig Anderson болды. Ол өз баяндамасында инсульттің жаһандық ауыртпалығын төмендету бағытындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қызметіне халықаралық көзқарасын ұсынды. Назарбаев Университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің жетекшісі профессор Prashant Jamwal инсульттен кейінгі пациенттерді оңалтудың заманауи цифрлық және роботтандырылған мүмкіндіктері туралы баяндады.

Практикалық бағдарламаның маңызды бөлігі Германияның Senior Expert Service (SES) сарапшысы, физикалық медицина және реабилитология дәрігері, профессор Heinz Schleenbecker өткізген конференцияға дейінгі және конференциядан кейінгі шеберлік сыныптары болды. Қатысушыларға инсульттен, жарақаттардан және тірек-қимыл аппаратына жасалған операциялардан кейінгі пациенттерді оңалтуда қолданылатын заманауи кинезитерапия әдістері, соның ішінде PNF және Бобат концепциясы таныстырылды.

Отандық спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық жедел медициналық жәрдемді үйлестіру орталығының Басқарма төрағасы Ержан Әділбеков Қазақстан Республикасындағы инсульт қызметін ұйымдастыру және үйлестіру мәселелерін таныстырды; Рамиз Кулиев денсаулық сақтау саласындағы технологиялық болжамдау және неврология үшін перспективалы технологиялық шешімдерді анықтау тәжірибесі туралы баяндады; С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің физикалық медицина және оңалту кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Избасарова инсульттен кейінгі оңалтудың заманауи тәсілдері мен бағыттарын ұсынды; Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі; медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Лаура Есжанова инсульттен кейінгі деменцияның өзекті мәселелерін шешудің заманауи тәсілдерін таныстырды.

Конференция жұмысына Қазақстанның жетекші медициналық және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Талқылаулар неврология және оңалту саласындағы клиникалық тәжірибені, ғылыми әзірлемелерді және заманауи технологияларды біріктірді.

Конференцияның маңызды бөлігі Жас ғалымдар мектебі болды. Оның аясында ғылыми жұмыстардың постерлік презентациялар форматындағы байқауы өткізілді. Жас зерттеушілер нейрореабилитация, инсульттен кейінгі қалпына келтіру, виртуалды шындық, эпидемиология және заманауи оңалту технологиялары салаларындағы әзірлемелері мен зерттеулерін ұсынды.




Байқау қорытындысы бойынша «Ғылыми идеядан клиникалық тәжірибеге дейін» номинациясында Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің академиялық бакалавриат студенті И.Т. Ишанов жеңімпаз атанды (ғылыми жетекшісі: медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Б.С. Хамидуллин); «Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы үздік зерттеу» номинациясында — Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің академиялық бакалавриат студенті И.А. Қарабек (ғылыми жетекшілері: медицина ғылымдарының докторы, профессор А.А. Мусина, аға оқытушы А.И. Айдарханова); «Инсульттен кейінгі қозғалыс функциясының қалпына келуін бағалауға кешенді тәсіл үшін» номинациясында — «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты И.А. Большакова (ғылыми жетекшісі: медицина ғылымдарының докторы, профессор Т.Т. Киспаева).

Жас ғалымдар мектебі аясында дауыс беру өткізіліп, оның нәтижесінде «Көрермендер көзайымы» номинациясында бірінші орынды «Семей медицина университеті» КеАҚ 2-курс резиденттері А.Қ. Мәнәқ және А.А. Райымжан иеленді (ғылыми жетекшісі: медициналық оңалту және неонатология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Р. Алимбаева).

Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталып, байқауда ұсынылған ғылыми жұмыстарын «Медицина және экология» журналында журнал талаптарына сәйкес болған жағдайда кезектен тыс жариялау мүмкіндігіне ие болды. Аталған журнал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2024 жылғы 19 наурыздағы №368 бұйрығына сәйкес ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялауға Комитет ұсынған басылымдар тізбесіне енгізілген.

Конференцияның практикалық бағдарламасы нейрореабилитациядағы кинезитерапия, медициналық оңалтудағы шкалалық диагностика, неврологиядағы инерефлексотерапия және травматологиядағы кинезитерапия бойынша шеберлік сыныптарымен жалғасты. VII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу кәсіби диалог, халықаралық және отандық тәжірибе алмасу, сондай-ақ жаңа ғылыми әзірлемелерді таныстыру үшін маңызды алаңға айналды. Нейрореабилитация мәселелеріне және жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылуы кәсіби қауымдастықтың ғылыми білімді, заманауи технологияларды және клиникалық тәжірибені біріктіре отырып, неврологиялық және оңалту көмегін әрі қарай жетілдіруге және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылысын көрсетеді.

164

Жаңалықтар лентасы

Жарияланды: 05.10.2026
.
Жарияланды: 01.10.2026
.
Жарияланды: 01.09.2026