АКАДЕМИЯЛЫҚ САЯСАТ

Білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану саясаты

1. Осы Саясат «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ-ның (бұдан әрі – Университет) білім беру және ғылыми қызметінде жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ), оның ішінде генеративті жасанды интеллект (GenAI) технологияларын қолданудың негізгі қағидаттары мен қағидаларын айқындайды. ЖИ қолдану академиялық адалдық, этика және деректерді қорғау қағидаттарын сақтай отырып, білім сапасын арттыруға, ЖИ-сауаттылықты, сыни ойлауды және білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған.

2. Университетте ЖИ қолданудың негізгі қағидаттары:

  1. адамға бағдарлану – ЖИ көмекші құрал болып табылады және адамның дербес ойлауын, кәсіби пайымын және жауапкершілігін алмастырмайды;
  2. педагогикалық орындылық – ЖИ қолдану оқу нәтижелеріне сәйкес келуге және білім беру бағдарламасын меңгеру сапасын төмендетпеуге тиіс;
  3. ашықтық және академиялық адалдық – бағаланатын академиялық және ғылыми жұмыстарды орындау кезінде GenAI-ды елеулі пайдалану фактісі мен сипаты декларациялануға тиіс;
  4. қауіпсіздік және құпиялылық – ЖИ пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының дербес деректер, ақпараттық қауіпсіздік, зияткерлік меншік және құпиялылық туралы заңнамасының талаптары сақталады;
  5. сенімділік және сыни бағалау – ЖИ нәтижелерін пайдаланушы фактілік қателер, «галлюцинациялар», біржақтылық және ЖИ жүйелерінің өзге де шектеулері тәуекелін ескере отырып тексеруге тиіс;
  6. адамның бақылауында болуы – білім беру, бағалау және басқару шешімдері үшін жауапкершілік Университеттің уәкілетті тұлғасында сақталады.

3. Білім алушылардың GenAI-ды оқытушы белгілеген шектерде ақпаратты іздеу және жүйелеу, идеяларды генерациялау және дамыту, тілдік практика, материалдарды талдау және құрылымдау, черновиктер дайындау және өзге де білім беру міндеттері үшін көмекші құрал ретінде пайдалануына жол беріледі. GenAI нәтижелерін сыни өңдеусіз және декларациялаусыз өзінің жұмысы ретінде тікелей ұсыну академиялық адалдықты бұзу болып табылады.

4.Әрбір пән бойынша силлабуста ЖИ қолданудың рұқсат етілген аймақтары айқындалады: GenAI қолданудың рұқсат етілген, шектелген және тыйым салынған сценарийлері, оны пайдалану туралы декларациялау талаптары және белгіленген қағидаларды бұзудың салдары. Бақылау іс-шаралары мен қорытынды бағалау кезінде ЖИ пайдалануға, егер тиісті бағалау іс-шарасының шарттарында өзгеше тікелей көзделмесе, тыйым салынады.

5. Жазбаша жұмысты тексеру кезінде генеративті жасанды интеллекттің ықтимал пайдаланылғанын көрсететін және қосымша тексеруге негіз болатын белгілер ретінде мыналар қарастырылуы мүмкін:

  1. тапсырма мазмұнына тән емес жауап құрылымы, стилі немесе баяндау деңгейі;
  2. фактілік қателердің, анық емес не ойдан шығарылған мәліметтердің, дереккөздердің немесе сілтемелердің болуы;
  3. нақты тапсырманың мазмұнын ашпайтын шаблонды, шамадан тыс жалпыланған тұжырымдар;
  4. ішкі логикалық қайшылықтар, жауаптың жекелеген бөліктерінің немесе қорытындылардың үйлеспеуі;
  5. тапсырмаға қатысы жоқ мәліметтерді енгізу не жауаптың белгіленген шарттар мен бағалау форматына сәйкес келмеуі;
  6. жұмыстың өз бетінше орындалғанына негізді күмән туғызатын, объективті түрде тіркелетін өзге де белгілер.

Көрсетілген белгілердің біреуінің немесе бірнешеуінің болуы өздігінен ЖИ пайдаланудың жеткілікті дәлелі болып табылмайды және қосымша верификация жүргізуге негіз болады.

6. Жазбаша жұмыстың дербес орындалғанына негізді күмән болған кезде оқытушы (емтихан алушы) қосымша верификацияны бастауға құқылы.

Қосымша верификация ұсынылған жұмыстың мазмұны бойынша ауызша әңгімелесу (қорғау) нысанында, білім алушының баяндалған ережелерді, қолданылған терминдерді, пайымдау логикасын, дәлелдерді, дереккөздер мен қорытындыларды түсінуін тексеруге бағытталған нақтылаушы сұрақтар қою арқылы жүргізіледі.

Қажет болған жағдайда жұмысты дайындау процесі, черновик материалдар, пайдаланылған дереккөздер және білім алушының дербес үлесін растайтын өзге де мәліметтер қосымша талдануы мүмкін.

Қосымша верификация нәтижесін оқытушы (емтихан алушы) немесе комиссия тіркейді және шешім қабылдау кезінде ескеріледі. Білім алушыға апелляция жасау құқығы қамтамасыз етіледі.

7. ЖИ пайдалану кезінде, егер тиісті өңдеуге Университет және Қазақстан Республикасының заңнамасы рұқсат бермесе, білім алушылардың, қызметкерлердің және өзге де тұлғалардың дербес деректерін, медициналық және өзге де құпия ақпаратты, емтихан материалдарын, қызметтік құжаттарды, жарияланбаған зерттеу нәтижелерін және басқа да қорғалатын деректерді жалпыға қолжетімді ЖИ жүйелеріне беруге тыйым салынады.

8. ЖИ оқытушылар тарапынан білім беру материалдарын, оқу кейстерін, тапсырмаларды, интерактивті ресурстарды әзірлеу және бейімдеу, оқытуды дербестендіру, білім беру аналитикасы және өзге де педагогикалық негізделген міндеттер үшін қолданылуы мүмкін. Бұл ретте оқытушы пайдаланылатын материалдардың дұрыстығы, сапасы, этикалылығы және оқу нәтижелеріне сәйкестігі үшін жауапты болады.

9. Оқу жетістіктерін бағалау кезінде білім алушының білімді түсіну және қолдану, шешімдерді дәлелдеу, пайымдау барысын көрсету, ЖИ нәтижелерін сыни бағалау және дербес үлесін растау қабілетіне басымдық беріледі. Бұл үшін кейстер, жобалар, портфолио, практикалық тапсырмалар, ауызша қорғау және бағалаудың өзге де нысандары қолданылуы мүмкін. AI-детекторлардың нәтижелері академиялық адалдықты бұзуды танудың жалғыз жеткілікті негізі бола алмайды және қосымша тексеруді талап етеді. Білім алушының бағасына, академиялық мәртебесіне, жіберілуіне, стипендиясына, апелляциясына немесе тәртіптік жауапкершілігіне әсер ететін шешімдер адамның қарауынсыз ЖИ арқылы автоматты түрде қабылданбайды.

10. Университет білім алушылардың, ППҚ мен қызметкерлердің ЖИ-сауаттылығын дамытуды, оның ішінде ЖИ жауапты және этикалық қолдану, нәтижелерді сыни бағалау, промпт-инжиниринг, деректерді қорғау және ЖИ кәсіби салада қолдану дағдыларын қамтамасыз етеді. Білім беру бағдарламалары «AI + X» моделін және тиісті даярлау бағытының ерекшелігін ескере отырып бейімделеді. Университет ППҚ ЖИ саласындағы біліктілігін кезең-кезеңімен арттыруды ұйымдастырады.

11.Университет білім беру процесінде ЖИ қолдануға мониторинг жүргізеді, ұсынылатын ЖИ құралдарының тізбесін қалыптастырады және пайдаланылатын жүйелерді сенімділік, қауіпсіздік, біржақтылық, нәтижелердің дұрыстығы және деректерді қорғау талаптарының сақталуы тұрғысынан мерзімді бағалайды. Осы Саясатты іске асыру үшін жауапкершілік Университет басшылығына, мектептерге, құрылымдық бөлімшелерге, профессор-оқытушылар құрамына және білім алушыларға олардың өкілеттіктері шегінде жүктеледі.